21-лекция

Тақырыбы: Топсеруен (табиғатқа, туып өскен өлкеге, қалаға, ауылға, музейге, фермаға, жылыжайға, топсеруен жасау) сабағы және оны ұйымдастыру технологиясы.

Мақсаты: Топсеруен (табиғатқа, туып өскен өлкеге, қалаға, ауылға, музейге, фермаға, жылыжайға, топсеруен жасау) сабағы және оны ұйымдастыру технологиясы.

Жоспары.

1.Топсеруен түрлері мен мақсаты.

2.Топсеруен ұйымдастырудың технологиясы

 

1.Топсеруен түрлері мен мақсаты.

Экскурсия – ерекше сабақ түрі, мектептен тыс орындарда өтіледі, арнайы әдістемені талап етеді. Экскурсия класс сабағының бір бөлігі, сондай-ақ кластан тыс сабақ түріне де жатады.

Экскурсия (топсеруен) идеялық тәрбие жұмысының біршама дербес түрі, ол адамның рухани байлықты игеруіне себін тигізеді және көзделген мақсатқа жету үшін қолданған көмекші иллюстрациялық құрал ролін атқарады. Экскурсия оқушылардың пәннен алған білімдерін толықтырып меңгертуге  мүмкіндік береді. Әр экскурсия тақырыбына орай белгілі бір танымдық мақсатпен жүргізілуі керек. Экскурсия сабақтарында оқушы табиғатта өзін ұстау іскерлігі мен дағдысын тәжірибеде меңгереді, қоршаған орта жағдайына баға беруге, табиғат сұлулығын сақтауға және одан әрі көркейтуге өз үлесін қосуға үйретеді.

     Экскурсия баланың эерттейтін обьектілері мен құбылыстарын табиғи  немесе қолдан тудырған жағдайда тікелей қабылдауына мүмкіндік береді. Экскурсиялар тікелей табиғат орталарына, мұражайларға, ботаникалық баққа, жануарлар бағына, завод, фабрикаға, әртүрлі цехтарға, көл және өзен жағалауына, тарихи орындарға т.б. жерлерде жүргізіледі.

     Американдық педагогтардың айтуынша: табиғатқа саяхат ұйымдастыру әртүрлі факторлардың әсерінің  айқын  көрінісін байқауға, теориялық біліммен тұрғылықты жердің табиғи проблемаларын танып білуге зор мүмкіндік береді, зерделеуге деген құштарлығын оятады, зерттеу біліктілігі қалыптасады. Байқау, бақылау, пайымдау, салыстыру сияқты қасиеттер туындайды. Өздігінше қорытындылай алады. Сондай –ақ экологиялық жағдайын жақсарту үшін қандай шаралар қолдану қажет екендігін тілге тиек етіп, оқушы ойын, көзқарасын тыңдау үлкен нәтижелі және де экскурсия мақсатын аша түседі. Ерте болсада қазіргі таңдағы кезек күттірмейтін актуальды экологиялық проблемалар төңірегіндегі мағлұматтармен қаныға түседі және оларға үлкен ой салады. Бұл білімділік тұрғыдан да тәрбиелік жағынан да  маңыздылығы  жоғары.

2.Топсеруен ұйымдастырудың технологиясы

Мұғалім әрбір экскурсияны тақырыбына, өтілетін орнына сәйкес  алдын-ала тыңғылықты түрде дайындалады. Ең алдымен экскурсия жүргізілетін орынмен танысып, көңіл аударарлық сипатты обьектілерді табады; оқушылардың өздігінше жүргізетін бақылауларының сипатын ойластырады; Оқушылар тапсырмамен танысады, яғни шешуге тиісті мәселелерін, табиғат материалын бақылау және жинау тапсырмаларын алады. Ең бастысы оқушылар табиғаттан нені және қалай көру, нені тану керектігін білу керек.

     Экскурсия ұйымдасқан түрде табысты өту үшін мұғалім оқушыларды оның жоспарымен алдын-ала таныстырып, мақсаты мен міндетін белгілейді. Оқушылардың қандай мағлұматтар жинап нені жинап, нені жазып алу керек екендігін түсіндіреді. Нәтижесіндегі заттар, мағлұматтар, материалдар сабақта қорытындыланады.

Экскурсия соңынан оқыту. Мұндай сабақ экскурсиядан алынған материал әңгіме мазмұнын түсінуге болатындай жағдай- да, кейде оқу жылының басында өткізілген экскурсия аралығында өткізіледі, ал әңгіменің өзі оқу жылының ортасында бірнеше ай бойы жүргізіледі. Бұл жағдайда экскурсиядан алған білімдерін, бақылау қорытындысын жазып алу немесе сурет түрінде қағазға сызумен тиянақтайды. Оқыту сабағында балалар экскурсияда көргендерін еске түсіреді. Содан кейін балалар әңгімені дауыстап оқып шығады, таныс емес сөздерді талдайды, екінші рет іштерінен оқып шығып, мұғалімнің тақтаға жазған тапсырмаларын орын-дайды. Оқушылар әңгіменің мазмұны және экскурсиядан көрген-дері бойынша қорытынды жасайды.

Бақылау сұрақтары:

  1. Топсеруен түрлері  қанадй?
  2. Топсеруеннің орындарын таңдау қалай жүреді?
  3. Топсеруенді ұйымдастыруға алдын ала дайындық қалай жүреді?
  4. Топсеруенді қорытындылау әдістемесі?
  5. Топсеруеннің баланың жалпы дамуына әсер ететін мүмкіндігі қаншалықты және қандай?

Қажетті әдебиеттер:

1. Аймағамбетова Қ. Дүниетануды оқыту теориясы мен технологиясы. –Алматы: Полигафия-сервис и К., 2006.-248 б.

2. Сихимбаева С.М. Дүниетану теориясы мен технологиясы. Оқу құралы. -Шымкент: Нұрлы бейне, 2008.- 148 б.

3.Аймағанбетова Қ., З.Ф.Олейник. Дүниетануға арналған үлестірмелі материалдар. –Алматы: Атамұра, 1999.-107б.

4. 11. Минеева В.М. Внекласная работа по природоведению в начальных классах.-Минск: Нар.Асвета, 1980.-142с.

22-лекция

Тақырыбы: Дәстүрлі емес сабақтар түрлері: ойын, пікірталас, т.б. сабақ түрлері, олардың маңызы, өткізу технологиясы.

Мақсаты: Дәстүрлі емес сабақтар түрлері, олардың маңызы, өткізу технологиясын меңгерту.

Жоспары

1.Дәстүрлі емес сабақтар түрлері

2.Дәстүрлі емес сабақтар түрлерінің маңызы, өткізу технологиясы

 

1.Дәстүрлі емес сабақтар түрлері

Соңғы кездерде педагогикалық басылымдарда сабақ туралы, әсіресе оның жеке түрлерге жіктелуі туралы теріс пікірлер айтылып жүр. Мысалы, кейбір авторлар сабақтың мынандай түрлерін атайды: концерт-сабақ, конкурс-сабақ, көкпар-сабақ, сайыс-сабақ, бәйге-сабақ, пресс-конференция сабағы, саяхат сабағы, өзара көмек сабағы, т.б. Бұл  сабақтар тәсіл бойынша оны ұйымдастырудың немесе оқытудың бастапқы әдісі негізінде бөлінген.

Сабақ – оқу жұмысын ұйымдастырудың басты формасы болғандықтан, оның атқаратын қызметі мен оқыту процесінде алатын орны ерекше екенін білу қажет. Сабақта оқушыларға білім берумен қатар, олардың рухани қасиеттері мен ақыл-ой қабілеттерін дамыту мақсаттары көзделеді. Сабақ – күрделі психологиялық және дидактикалық процесс, онда оқушылармен педагогикалық қарым-қатынас жасау және тәрбиелеу міндеттері іске асырылады. Оқыту процесінің негізгі компоненттері (құрылымдық бөліктері) мақсаты, мазмұны, әдіс-тәсілдері, бақылау мен бағалау – сабақта да орын алатыны заңдылық.

Дидактикада Я.К.Коменский, И.Ф.Гербарт, К.Д.Ушинский, Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов т.б. негізін салған оқыту теориясында сабақтарды топтастыруға байланысты қалыптасқан көзқарас бар екені белгілі. Сондай-ақ, кеңес дәуірінде және одан кейінгі кездерде жарық көрген дидактикалық еңбектерде сабақ- тарды топтастыру жалпы алғанда, мынандай критерийлерге негізделеді.

1. Сабақтың дидактикалық мақсаты;

2. Сабақтың құрылымы (дидактикалық кезеңдері, этаптары);

3. Сабақта қолданылатын негізгі бір әдісі.

Бірінші белгіге байланысты сабақтың мына түрлері анық-талады: кіріспе сабақ, жаңа білім беру сабағы, бекіту, қайталау, дағды қалыптастыру сабақтары, білім тексеру, бағалау сабағы т.б. Екінші белгі бойынша аралас сабақ, пәнаралық сабақ, т.б. Үшінші белгі бойынша пікір-талас сабағы, компьютерлік сабақ, т.б. Әрине, бұлардың жеке пәндерді оқыту ерекшеліктеріне байланысты түрлі нұсқалары, өзгермелі түрлері болуы мүмкін.

Бірақ, жоғарыда айтылған сабақтың дәстүрлі емес түрлері сабақтың жаңа және жеке түрлеріне жатпайды, оларды сабақтың мазмұнына немесе сабақта қолданатын жеке тәсіл-амалдарға жататын сабақтың элементтері деп қарау керек. Сабақты ойынға айналдыруға болмайды, бірақ ойын түрлерін қолдануға болады. Жалпы, дәстүрлі емес сабақтар деген ұғым дұрыс емес, өйткені, ондай сабақтардың белгілі бір дидактикалық құрылымы анықтал-маған, ешқандай дидактикалық қағидаларға негізделмеген көрініс.

Шын мәнінде, сабақта дәстүрлі емес тәсіл-амалдарды, мысалы; конкурс, сайыс, бәйге, КВН сияқты т.б. орынды қолдануға болады. Дәстүрлі емес сабақтардың түрлерін жаңа сабақ ретінде ұсынып жүрген  авторлар сабақты оқу жұмысын ұйымдастырудың басқа формаларымен (экскурсия, конференция, семинар, консультация т.б.) шатастырады. Бұлар оқу жұмысын ұйымдастырудың қосымша (толықтырмалы) формаларына жатады, сондықтан оларды сабақтан өзгеше қарау дұрыс.

2.Дәстүрлі емес сабақтар түрлерінің маңызы, өткізу технологиясы

Сабақ біртұтас құбылыс бола тұрып, бірнеше, түрлі дидактикалық мақсаттардың орындалуын талап етеді. Мұғалім алдымен оқушыларды сабаққа дайындау, одан кейін өткен материалды еске түсіру, жаңа материалды түсіндіру, оны бекіту, үй тапсырмасын беру сияқты мақсаттарды көздейді. Осындай мақсаттарды орындауға бағытталған сабақтың белгілі кезеңдері, құрылымды бөліктері болады, олар сабақтың басталуы, үйге берген тапсырманы тексеру, оны пысықтау және  нұсқау беру, мұндай жағдайда сабақ құрылымы толық сақталған делінеді. Сонымен сабақ құрылымы деп сабақтың барысында оның құрамды бөліктерінің, кезеңдерінің бір-бірімен ұштасып, белгілі тәртіппен жүзеге асырылуын айтады.

Бақылау сұрақтары:

  1. Дәстүрлі емес сабақтардың дидактикалық ерекшеліктері қандай?
  2. Дәстүрлі емес сабақтардың түрлері қандай?
  3. Дәстүрлі емес сабақтарды  ұйымдастыру технологиясы және маңызы қандай?
  4. Дәстүрлі емес сабақтың құрылымы?
  5. Дәстүрлі емес сабақтың дидактикалық принциптері?

Қажетті әдебиеттер:

1. Аймағамбетова Қ. Дүниетануды оқыту теориясы мен технологиясы. –Алматы: Полигафия-сервис и К., 2006.-248 б.

2. Сихимбаева С.М. Дүниетану теориясы мен технологиясы. Оқу құралы. -Шымкент: Нұрлы бейне, 2008.- 148 б.

3.Аймағанбетова Қ., З.Ф.Олейник. Дүниетануға арналған үлестірмелі материалдар. –Алматы: Атамұра, 1999.-107б.

4. Сабыров Т. Болашақ мұғалімдердің дидактикалық дайындығын жетілдіру. –Алматы:  Кітап, 1999.-96б.